Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласына ресми сапармен барды. Сапар барысында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» атты ескерткіштің ашылу салтанатының рәсіміне қатысты. Абайдың 175 жылдығы мерейтойына орай орнатылған мүсіндемеде Абай және оның екі ұлы Ақылбай мен Тұрағұл бейнеленген. Ескерткіш авторы ұлдарының әкесіне деген ерекше махабббаты мен шексіз мақтаныш сезімін бейнелеуді мақсат еткен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықты мерейтойымен құттықтап: «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан, елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай, шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын» – деді.
Сондай-ақ жастар мен жасөспірімдер тәрбиесін Абайдың өнегелі өмірімен байланыстыру қажеттілігіне тоқталды. «Мына еңселі ескерткіш жас ұрпаққа тағылымды ой салуға тиіс. Абай және оның сөзі мен ісін жалғаған парасатты перзенттері Ақылбай мен Турағұл – елге үлгі болған тұлғалар. Мұнда ұрпақ сабақтастығы, әке мен баланың сыйластығы бейнеленген. Бұл – Құнанбай қажы әулетінің тектілігін танытатын туынды. Абай шаңырағының тағылымы – ұлт ұлағатының көрінісі. Жалпы тәлім-тәрбие ұлт сапасын қалыптастыратын басты фактордың бірі болуы керек! – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан соң Президент әлеуметтік баспаналарды аралап, көпбалалы аналармен тілдесті. Кейін абайтанушылармен жүздесіп, ұлы ақынды зерттеп, насихаттаған ғалымдарды марапаттады.