«Қазақстан колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық конкурсы басталды: талант, еңбек және көшбасшылық алаңы

Масштабты жоба жоғары білім деңгейімен, кәсіби шеберлігімен және қоғамдық белсенділігімен ерекшеленген студенттердің жетістіктерін анықтауға және кеңінен насихаттауға бағытталған.

Байқауға еліміздің барлық өңірлеріндегі колледж студенттері қатыса алады.

Үміткерлер қатарында WorldSkills чемпионаттары мен кәсіби шеберлік байқауларының жеңімпаздары мен қатысушылары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары мен волонтёрлік қозғалыстардың көшбасшылары, инновациялық идеялар мен стартап жобалардың авторлары, ғылыми конференциялар, олимпиадалар және спорттық жарыстардың жеңімпаздары, сондай-ақ шығармашылық ұжымдардың белсенді мүшелері бар.

Сонымен қатар маңызды ескерту: соңғы үш жыл ішінде осы байқаудың жеңімпазы атанған студенттер қайта қатыса алмайды.

Байқау үш кезеңде өткізіледі.
Бірінші кезең — колледжішілік іріктеу. Әрбір оқу орны бес үміткерге дейін ұсына алады.

Екінші кезең өңірлік деңгейде өтеді. Әр облыстан және республикалық маңызы бар қаладан 10 үздік үміткер іріктеліп, кешенді бағалаудан өтеді.

Үшінші кезең — республикалық финал. Қорытынды іріктеу «TOP-100 STUDENTS» интернет-ресурсында өткізіліп, еліміздің 100 үздік колледж студенті анықталады.