«Абай әлеміне саяхат: КиЛ–313 тобының танымдық сайысы»

ИнЕУ жоғары колледжінің КиЛ–313 тобының білім алушылары оқу практикасы аясында 8 желтоқсан күні Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Абай әлеміне саяхат» атты танымдық сайыс ұйымдастырды. Танымдық шара бес кезеңнен тұрды.
Алғашқы кезеңде «Филворд» ойыны арқылы қатысушылар Абай өмірі мен шығармашылығына қатысты сөздерді тапты. Екінші кезең — «Өлең – сөздің патшасы», мұнда студенттер ақынның өлеңдері мен қарасөздеріне байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Үшінші кезең «Білгішбектер» деп аталып, қатысушылар Абайдың өмір жолы мен шығармашылық мұрасына арналған викториналық тапсырмаларды орындады. Төртінші кезеңде «Мақал – сөздің мәйегі» бөлімі ұйымдастырылып, студенттер Абайдың нақыл сөздері мен мақалдарын жалғастырды. Ал соңғы кезең — «Мен Абайды таныдым», бұл кезеңде қатысушылар ақынның өмірі мен еңбектері жайлы постер әзірлеп, өз жұмыстарын қорғады.
Іс-шара барысында білім алушылар белсенділік танытып, ерекше қызығушылықпен қатысты. Сайысты ұйымдастыруға жетекшілік еткен оқу практикасының жетекшісі — Алибаева М.Ш.