2020 жылдың 14 қазанында Инновациялық Еуразия Университетінің жоғары колледжінде “Кәмелетке толмағандардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі” тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел өткізудің мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, оқушылардың құқықтық санасын тәрбиелеу; қиын өмірлік жағдайларда сыни талдау дағдыларын қалыптастыру. Дөңгелек үстел іс-шарасына колледждің 1-2 курс студенттері және олардың ата-аналары қатысты.
Жұмысқа Павлодар облысының құқық қорғау, сот органдарының, адвокаттар алқасының қызметкерлері: Павлодар облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы К. А. Темірова, Павлодар облысының аса ауыр қылмыстық құқық бұзушылық бойынша қылмыстық істерді қарау жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы К. Т. Сұлтанов, Павлодар аудандық сотының судьясы Ғ. Ш. Жанғазина, Павлодар адвокаттар алқасының адвокаты Т. Н. Шомшекова, ювеналды полиция тобының полиция аға лейтенанты, ПБ Орталық ПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы Р. О. Прохорова, ювеналды полиция тобының полиция аға лейтенанты, ПБ Орталық ПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы Рамазанов Е.Е. белсенді қатысты.
Қатысушылар дөңгелек үстелде талқылау үшін таңдалған тақырыптың өзектілігі, ең алдымен, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың жоғары деңгейіне байланысты екендігін атап өтті.
Профилактикалық әңгіме барысында кәмелетке толмағандардың қылмыс пен құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылығы туралы мәселелер қозғалды. Полиция қызметкерлері өмірдің қиын кезінде өзін дұрыс ұстай білу және көмек қажет жағдайда қайда жүгіну керектігін айтып, студенттердің сұрақтарына нақты жауап берді.