Үстіміздегі жылдың 6 қазанында ИнЕУ жоғары колледжі негізінде құрылған Іздеу мектебінің мүшелері: оқытушылар Н.Т.Мағзумов, М.И.Жанахметов, Н.М.Ашықбаев және 1-курс студенттері «Жауынгерлік рәсім» іс-шарасына қатысты.
Біздің жерлесіміз, 314-атқыштар дивизиясы 1078-атқыштар полкінің жауынгері болған Павлодар облысы, Ақсу ауылдық аумағы, Айнакөл ауылының тумасының мәйіті мен жеке заттарын беру рәсімі Қазақстан (Железин ауданы) мен Ресей Федерациясының (Омбы облысы) шекарасында өтті.
Ленинград облысының Гонтовая Липка трактасында жүргізілген іздеу жұмыстары барысында, сондай-ақ Новодвинскідегі «Норд» және Ульяновскідегі «Крутояр» іздеу топтарының жұмыстары нәтижесінде Қызыл Армия жауынгерлерінің сүйектері табылып, сыртқа шығарылды. Олардың арасында жерлесіміздің де сүйегі бар.
Өлім медальонының нысанын тексеру кезінде сүйек Қызыл Армия жауынгері Ныгметов Маукендікі екендігі анықталды.
Ресей іздеушілері Павлодардағы «Майдан жолы» іздестіру жасағының командирі А.В.Шитовқа хабарласып, туыстарын іздестіруін сұрады. Төрт ай бойы іздеу барысында Маукен Ныгметовтың туыстары Айнакөл ауылында екені анықталды.
Қазақстан мен Ресейдің іздестіру бөлімшелерінің қажырлы еңбегі арқасында қазақ жауынгерінің мүрдесі туған жерінде мәңгілік тыншу тапты. Сарбаздың сүйегі Айнакөл ауылындағы мұсылмандар зиратында жерленді.