16 наурыз – “Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр” күні. Бұл күн мәдениет, өнер мен ұлттық салт-дәстүр насихатына арналған.
Ұлттық әдет ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді дәріптеу мақсатында ИнЕУ жоғары колледжінің энергетикалық бөлімінде қазақ халқының ертеден келе жатқан дәстүрі “Беташар” өткізілді.
Беташар – қыз бала жаңа шаңырақтың табалдырығын келін боп аттаған кезде жасалатын салт-дәстүр. Беташар жас келінге жаңа ортасын, күйеуінің ағайын-туысын таныстыру мақсатында өтеді. Беташарды келін түсіруші үйдің иелері жасайды. Беташар болатын сәтте келіннің бетіне жаулық жабылып, оны жеңгелері тігілген отаудан алып шығады. Содан соң тойға арнайы шақырылған жырау беташарға жиналған күйеу жігіттің алыс-жақын туыстарын өлең жолдарымен атап шығады. Ал келін сол сәтте иіліп сәлем салуы керек. Аты аталған туыстар сый ретінде ақша, мал-мүлік береді. Бұл отбасын құрып деп жатқан жастарға көмек болады деп ұсынылған. Себебі қазақта “үйлену оңай, үй болу қиын” деген сөз бар.
Беташар өлеңінде отбасындағы үлгілі әйел қандай болуы керектігі туралы халықтың ғасырлар бойында қалыптасқан әдеп нормалары, өнеге тізбегі, адамгершілік дүниетанымы, әйелдердің адам тәрбиесіндегі айрықша орны көрініс тапқан.
Беташарды тыңдағанда тебіренбейтін, толқымайтын, мерейі тасымайтын жан кемде-кем болар. Беташар ұлттық әдет-ғұрпымыздың маңдайы жарқыраған жарқын түрі. Тәрбиелік-өнегелік мән-маңызы зор.