17-наурыз – “Шаңырақ”күні. Шаңырақ – материалдық және рухани мұраның символы. Бұл күн сүйіспеншілік, құрмет, сенім, өзара көмек, мейірімділік, жанашырлық, анаға құрмет және ұрпақ сүю сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған.
Отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында ИнЕу жоғары колледжінің энергетикалық бөлімінде қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрі – «Сырға салу» рәсімі өткізілді.
Сырға салу — келін түсіруге арналған жөн-жоралғылардың ең алғашқысы. Сырға салу дәстүрін орындау үшін ең алдымен қыздың үйіне жігіт жағынан бірнеше адам келіп, қалыңдықты алып кететін күнді белгілейді. Қыздың ата-анасы бұған арнайы дайындалып, мал сойып, құдаларды құрметпен күтіп алып, шығарып салады.
Қазақ халқы ұзатылатын қыздың құлағына сырғаны кез келген адамға салдырмаған. Оның келін болып түскен жұртына тастай батып, судай сіңуі, сыйлы болуы міндет саналған. Яғни, жас келін болашақта сол секілді өнегелі болсын деп ырымдаған. Осы кезде жігіттің жеңгелері «құлағың жамандықты естімесін» деп қыздың құлағына алтын сырға тағып, бетінен сүйген.
Құда түсетін қыздың құлағына тек алтын сырға тағылады. Мейлі, ол сәби болса да. Өйт¬кені, қазақ халқы қыз баланы алтынға балаған. Құдалар жағы көңіліне жаққан қызды келін етіп түсіргенше «ол біздің алтынымыз» деп айтып отыратын болған. Сырға салынғаннан кейін қыз жат жұрттық болып саналады. Бұл жайтқа қыздың жағы ерекше дайындалып, құдаларына бай дастарқан арнайды, оларға да өз сый-сияпатын дайындайды. Сырға салу рәсімінен кейін екі жақ түбегейлі құдаласып, тойдың қамын ойластыра бастайды.
Халқымызда “Батаменен ел көге¬рер, жаңбырменен жер көгерер” деген тамаша сөз бар. Жасы үлкен, көпті көрген үлкен қарияларымыздың ақ батасы жолы болмай жүрген талай жанның жолын ашып, бағын еселегенін жақсы білеміз. Бұның бір жағында үлкенді сыйлау жатса, екінші жағында ізгі ықылас-игілікке деген тілектестік жатады. Қазақ батаны кие¬лі санайды, селкеусіз сенеді, қадір тұ¬тады. Бата – кісілікке, иман¬дылыққа, мейірімге, жақсы сөзге, ынтымаққа ұйытып отырады. “Баталы ұл арымас” деген сөзді негізге ала отырып, аналарымыз “Наурыз бата” беріп, яғни жас жұбайларға, тұтас елге бақыт пен береке тілейді. Үлкендердің батасында шаңыраққа қатысты тілектер көп айтылады. “Шаңырағың биік болсын!” деген сөз тіркесі ең жақсы тілектің бірі саналады.