Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Бұл қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруы мен ата-бабаларымыздың талай ұрпақтары арман еткен азаттыққа қол жеткізгенін көрсететін маңызды кезең. Тарих өлшемдері бойынша 30 жыл – бір сәт. Дегенмен, көптеген халықтар үшін бұл кезең қиындықтар мен жеңістерге, дағдарыстар мен жетістіктерге толы тұтас дәуірді қамтыды. Біз де оны бастан өткеріп жатырмыз.
Биыл Тәуелсіздікке қол жеткізген белгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толып отыр. 1986 жылы Кеңес өкіметінің қаһарынан қорықпаған қазақ халқының ұл-қыздары ұлт намысын қорғау үшін көшеге шықты. 5 жылдан кейін біздің Тәуелсіздігіміз жарияланды. 2021 жылдың 10 желтоқсанында Инновациялық Еуразия Университетінің жоғары колледжінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған “Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы Тұңғыш Президенттің рөлі” атты дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараның мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның экономика, саяси құрылыс, сыртқы саясат саласындағы жетістіктері туралы, Қазақстан халқының көшбасшысы – ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев туралы білімді тереңдету, дөңгелек үстелге қатысушылардың бойында азаматтық жауапкершілік сезімін, өз елі алдындағы азаматтық борышты, Отан мүддесіне қызмет етуге әзірлік пен қабілетті қалыптастыру.
Құрметті қонақтар ретінде Торайғыров университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор А.К. Трушев, Павлодар педагогикалық университетінің тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Қ.К. Канафин, тарих ғылымдарының кандидаты, ИнЕУ профессоры М.А. Сулейменов, Жастар бастамаларын дамыту орталығы басшысының міндетін атқарушы Ж.М. Қабдраш, Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының төрағасы Р.Р. Смаилов шақырылды. Инновациялық Еуразия Университетінің жоғары колледжінің студенттері дөңгелек үстелдің белсенді қатысушылары болып, іс-шара барысында өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың барлығы Қазақстан Республикасының жаңа тарихындағы әлемге кеңінен танымал барлық табыстар мен жетістіктер, сондай-ақ Қазақстанның маңызды халықаралық бастамалары ел үшін тағдыршешті кезеңде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың идеялары мен қызметімен тікелей байланысты екенін, халқы мен Отанының тағдыры үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алып, жас мемлекеттің даму стратегиясын даналық пен көрегендікпен айқындап, Қазақстанды әлемдегі табысты мемлекеттердің қатарына шығарғанын атап өтті.