Дәуірлер мен замандар бірін бірі алмастырғанмен, мұғалімнің бейнесі қандай қоғамда болсын өзгермейді, ол жаны таза, кәсібіне адал, халықтың алдында абыройлы тұлға. Адамның өмірлік құндылықтарының қалыптасуына, сеніміне, өмірлік мақсат мүддесіне, өмір жолындағы таңдауына мұғалімнен алған білімі мен тәрбиесінің әсер мол.
Ұстаздар күні – қалыптасқан дәстүрге сай қазан айының бірінші жексенбісінде тойланады.
Заманауи ғылым мен технология тамырына нық сеніммен қадам басқан тәжірибелі, білікті педагогтары мен жоғары оқу орындарының креативті жас түлектерінің еңбектері бағаланады. Кәсіби мереке қарсаңында Облыстық білім басқармасы ИнЕУ жоғары колледжі оқытушылары: директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Апаева Жанна Каирбековна мен колледждің гуманитарлық бөлімінің аға кураторы Фелкер Татьяна Александровнаға білім және ғылым саласына өздерінің елеулі үлестерін қосып, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, әрі өнегелі тәлім-тәрбие беріп жүрген ұлағатты ұстаздарға Алғыс хаттар табыстады.
Мамандықтың қоғамдағы айрықша маңызы мен маңыздылығы және осы мұғалімдердің жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім берудегі жеке үлесі атап өтілді. Әріптестерімізді құттықтап, шығармашылық табыстар мен жаңа жеңістер тілейміз.